Сарыағаш ауданында жасыл экономика қағидаттарын іске асыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласында ресурсты тиімді пайдалану мен экологиялық таза өнім өндіруге негізделген жылыжай шаруашылығының дамуы.
Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтамақ елді мекенінде орналасқан жылыжайда әлемге танымал «Кавендиш» банан сұрпы табысты өсірілуде. Аталған бастама жергілікті кәсіпкердің көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, табиғи ортаға зиян келтірмей, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді көздейді. Жылыжай аумағы 10 соттық жерді қамтып, заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы жоғары өнімділікке қол жеткізілуде.
Жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқан кәсіпкер Шамс Тұрсынбаев бұл салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. 2019 жылдан бастап ол дәстүрлі көкөніс өнімдерімен қатар, экзотикалық жемістерді өсіруге басымдық беріп, жергілікті климатқа бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізген. Нәтижесінде «Кавендиш» банан сұрпы өңір жағдайына толықтай бейімделіп, тұрақты өнім беруде.
Жасыл экономика қағидаттарына сәйкес, жылыжайда өсірілетін өнімдер экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Өсімдіктердің өсуіне қажетті температура мен ылғалдылық деңгейі қатаң бақылауда ұсталып, ресурстарды ұтымды пайдалану қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде табиғи тепе-теңдікті сақтауға және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жергілікті жерде экзотикалық жемістерді өсіру арқылы өнімді алыс қашықтықтан тасымалдау қажеттілігі төмендеп, көмірқышқыл газының ауаға таралуы азаяды. Бұл да жасыл экономиканың негізгі бағыттарының бірі – экологиялық жүктемені қысқарту қағидатымен толық үйлеседі.
Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар жасыл экономика қағидаттарын ауыл шаруашылығы саласына тиімді енгізудің нақты үлгісі болып табылады. Бұл бастамалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық жауапкершілік пен тұрақты дамуға негізделген жаңа көзқарастың қалыптасуына ықпал етуде.




