Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШАРДАРА ҚАЛАСЫН ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның ішінде, Шардара қаласын сапалы әрі тұрақты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған ірі инфрақұрылымдық жоба жоспарға сәйкес қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаев қала аумағында салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сапар барысында мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау мен инженерлік желілердің сапасына баса назар аударуды тапсырды.

Аталған жоба аясында жалпы ұзындығы 39 шақырымды құрайтын су құбырын тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 27 шақырымы толық тартылған. Құрылыс жұмыстары екі бағытта жүргізілуде, қолданылып жатқан құбырлар – диаметрі 560 мм SDR17 полиэтилен материалынан жасалған, ұзақ мерзімге төзімді және заманауи талаптарға сай.

Жоба бойынша 14 су ұңғымасы қазылған. Оның ішінде 4 ұңғымада жұмыстар толық аяқталса, қалған 10 ұңғымада су тазалау және дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, сыйымдылығы 500 текше метрді құрайтын су резервуарының бетоны құйылып, іргетасы қаланды. Қазіргі таңда су өткізбейтін жабын жасау, сорғы станциясы мен әкімшілік ғимараттың шатырын жабу, сондай-ақ электр желілерін тарту жұмыстары жалғасуда.

Бұл жоба – Шардара қаласының тұрғындарын тәулік бойы таза ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, әр кезеңде сапасы қатаң бақылауға алынуда.

Айта кетейік, 2025 жылы ауыз су саласы бойынша Түркістан облысында жалпы 82 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 42 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 40 нысанның құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Таза ауыз сумен қамту – халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасын жақсартудың басты кепілі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар