Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек «Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарының» орындалу барысы туралы баяндады.
Президенттің тапсырмаларына сәйкес Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары» қабылданған. Аталған жоспардың мақсаты – еңбек адамының мәртебесін арттыру, жастарды жұмысшы кәсіптерге тарту және еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.
Осы аясында қалада жастар мен жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл шаралар арқылы тұрақты және уақытша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде-ақ 160 кәсіпорын тарапынан 1 800 тұрақты жұмыс орны, ал 227 мекеме тарапынан 1 500 уақытша жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 223 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды, оның ішінде әлеуметтік осал топтардың өкілдері де бар.
Сонымен қатар «Enbek.kz» порталы арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мыңдаған оқушы мен студент жұмыс іздеу, түйіндеме дайындау және сұхбаттасуға дайындалу дағдыларын меңгерді. Бағдарлама аясында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды, бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырды.
Брифинг барысында Сәрсен Абайұлы Құранбек қаланың әлеуметтік саясатындағы жаңа тәсілдер мен әділ көмек механизмдеріне де тоқталды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға бағытталуы тиіс, ал көмек көрсету үдерісі барынша ашық және әділ болуы қажет.
Осы бағытта Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жүйесі жетілдіріліп келеді. 2025 жылы бұл мақсатқа 7,5 млрд теңге бөлініп, 4 684 отбасы немесе 24 628 адам әлеуметтік қолдау алды. Сондай-ақ, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4 242 балаға қосымша төлемдер жасалды.
Айта кетерлігі, қолдау алушылардың саны 2024 жылмен салыстырғанда 40%-ға азайды, бұл қала тұрғындарының табысы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдерді цифрландыру бағытында «FSM Social» мобильді қосымшасы енгізілді. Оның көмегімен өтініштерді онлайн қабылдау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері айтарлықтай азайған.
Бұған қоса, Шымкент пен Қарағанды облыстарында әлеуметтік жағдайды 23 критерий бойынша бағалайтын баллдық үлгі енгізілді. Бұл тәсіл көмекті тек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттырады.
Шымкент қаласы әкімдігі еңбек нарығын дамыту мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Қалада іске асырылып жатқан бастамалар жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, жастардың еңбекке бейімделуіне және әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға айтарлықтай серпін беруде.




