Шымкент соңғы жылдары инвестиция тарту бойынша Қазақстандағы көшбасшы қалалардың бірі болып отыр. 2025 жылдың басында шаһарға 233 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайыз өсім байқалды. Биылғы мақсат – 1 трлн 54 млрд теңге инвестиция тарту.
Қаладағы ірі жобалардың бірі – «Alsera KZ» жылыжай кешені. Құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын жоба жылына 155 мың тонна өнім шығарады. Жобаның іске қосылуы 2 мың жаңа жұмыс орнын берсе, толық аяқталған соң 6 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, арнайы агроакадемиялық орталық ашылып, кадр даярлауға мүмкіндік берілуде. Осы жылыжайларда жұмыс істеген азаматтар кейін кішігірім жылыжай шаруашылығын дамыта алады, бұл қала тұрғындарының кәсіптік дамуына септігін тигізеді.
Сонымен қатар, экологиялық жобалар да қолға алынды. Тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіру жобасының құны – 55 млрд теңге. Бұрын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша шығындар қажет болса, қазіргі жобалар табиғатқа зиянсыз әрі тиімді жолмен жүзеге асырылуда.
Шымкенттің инвестициялық саясаты тек қаржы тартумен шектелмейді. Ол жаңа жұмыс орындарын ашу, технологиялық трансфер, экономикалық тұрақтылық, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Инвесторға ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз ету, салық жеңілдіктерін ұсыну, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – стратегиялық маңызды шаралар болып табылады.
Қалада индустриалды аймақтардың дамуы инвестор үшін толық инфрақұрылым мен тәуекелі төмен ортаны қамтамасыз етеді. Әрбір іске қосылған өндіріс – мыңдаған адам жұмыспен қамтылуы, жаңа технологиялар енгізу, бәсекеге қабілетті өнім өндіру дегенді білдіреді. Осы жүйелік қолдау арқылы Шымкент экономикасын тұрақты түрде дамытуға мүмкіндік бар.




