Четверг, 1 октября, 2026
17.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Шымкент: “Отбасы Банктің” жаңа консультациялық орталығы ашылды

Шымкент қаласында «Отбасы банк» АҚ-ның жаңа консультациялық орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – қала тұрғындарына баспаналы болудың тиімді жолдарын түсіндіріп, тұрғын үй бағдарламалары бойынша толыққанды кеңес беру қызметін ұсыну.

Ашылу салтанатында «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев сөз сөйлеп, жаңа бөлімшенің ашылуының әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.

«БҰЛ ОРТАЛЫҚ ҚАЛА ОРТАЛЫҒЫНА ҚАТЫНАУЫ ҚИЫН ШЕТКІ АУДАНДАРДАҒЫ ТҰРҒЫНДАРҒА ЫҢҒАЙЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ. БІЗ ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ӨЗ ШАҢЫРАҒЫНА ИЕ БОЛУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ», – ДЕДІ ОЛ.

Салтанатты шараға ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Нұрлан қажы Асанов, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, сондай-ақ белгілі блогер Өркен Кенжетай қатысты.
Айта кетейік, депутат Дәулет Мұқаев бұған дейін халық арасында қаржылық сауаттылық пен жинақ мәдениетін қалыптастыру, соның ішінде «Отбасы банк» арқылы баспана алу тетіктерін үйрету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жүргені белгілі.

Қатысушылар жаңа орталықтың ашылуы тұрғындарға баспанаға қол жеткізуді жеңілдетіп, әлеуметтік қолжетімділікті арттыратынын атап өтті. Шеткі аудандар тұрғындары үшін кеңес алу мүмкіндігінің үй маңында пайда болуы – уақыт пен қаражатты үнемдеудің, сондай-ақ банктік қызметтердің қолжетімділігін арттырудың нақты көрінісі.

Жиналған тұрғындар жаңа орталықтың ашылуына ризашылығын білдіріп, мұндай бастамалар қаланың қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандары үшін аса қажет екенін айтты.

Соңғы жылдары Шымкенттің Асар-2, Тұран, Нұртас және Қайнарбұлақ сияқты жаңа тұрғын аймақтарында көпқабатты тұрғын үйлердің жаппай салынуы мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін көрсетеді. Бұл аудандарда тұрғын үйге деген сұраныс артып, «Отбасы банк» секілді қаржы институттарының рөлі ерекше маңызға ие болып отыр.

Жаңа консультациялық орталық тек баспана мәселесін шешуге жәрдемдесіп қана қоймай, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, жинақ мәдениетін қалыптастыруға және жастарды ұзақмерзімді қаржылық жоспарлауға ынталандыруға ықпал етеді.

Бүгінде Шымкент қаласында «Отбасы банк» АҚ-ның 250 мыңнан астам салымшысы бар. Өткен жылы олардың 5 мыңнан астамы өз баспанасына қол жеткізсе, биылғы жылдың басынан бері 3 мыңға жуық тұрғын жаңа үй иесі атанған.

Жаңа орталықтың ашылуы – Шымкент қаласының тұрғындарына тұрғын үй мәселесін шешуде нақты көмек көрсететін, отбасылық әл-ауқатты арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар