Шымкентте қоқыс өңдейтін және су тазарту зауыттары салынады
Jianing Water Group компаниясы Қазақстан Республикасында қалдықтарды өңдеу және су тазарту салаларында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Шымкентте Қытайдың жетекші компанияларының бірі – Nanning Jianing Water Investment Group Co. Ltd. өкілдерімен кездесу өтті. Компания елімізде қоқыс өңдеу және су тазарту бағытында ірі инвестициялық жобаларды қолға алмақ.
Қоқыс өңдеу
Жоспар бойынша тәулігіне 1000 және 1500 тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге қабілетті екі заманауи қоқыс өртеу зауыты салынады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 350 миллион АҚШ доллары. Бұл зауыттар жылына 420 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді.
Су тазарту
Сонымен қатар, тәулігіне 300 мың м³ су тазартуға арналған екі жаңа кешен мен кәріз инфрақұрылымы салынады. Бұл жобаға 604 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады.
Аталған жобалар өңірдің экологиясын жақсартып қана қоймай, энергиямен және ауыз сумен қамту қауіпсіздігін арттырады.
Компания жайлы
Айта кетейік, Nanning Jianing Water Investment Group Co., Ltd. (Jianing Water Group) – су ресурстары, экология және тұрақты даму саласында 91 жылдық тарихы бар ірі кәсіпорын. Компания су тазарту, сумен қамту және қоқыс өңдеу нысандарын жобалау, инвестициялау, салу және пайдалануда мол тәжірибеге ие.
Штаб-пәтері Қытайдың Наньнин қаласында орналасқан бұл компанияда 11 500-ден астам қызметкер еңбек етеді, ал активтері 56,6 млрд юаньнан асады. Jianing Water Group «Экология+» моделін дамытып, санитарлық тазалаудан бастап, су жеткізу, қоқыс өңдеу және өндірістік процестерді цифрландыруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын жобаларды іске асыруда. Компанияның заманауи қоқыс өртеу кешендері, су тазарту станциялары, сорғы станциялары мен циркулярлық экономиканың индустриялық парктері бар. Олар халықаралық деңгейде технологиялық және экологиялық жетістіктері үшін марапатталған.




