Шымкент қаласында тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында түнгі мезгілде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға байланысты бақылау күшейтілді. Соңғы уақытта қала тұрғындарынан түнгі уақытта салют ату деректеріне байланысты шағымдар жиілеп, осыған орай полиция департаменті тарапынан кешкі және түнгі рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Қоғамдық орындарда заңсыз салют ату фактілері бойынша жыл басынан бері 123 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, нәтижесінде 9,6 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, сағат 22:00-ден кейін тыныштықты бұзған 4 675 тұлға жауапкершілікке тартылып, оларға 66,9 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың құқық бұзушылыққа бейжай қарамай, тәртіпті күшейтуге бағытталған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді.
Полиция департаменті пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алуға болатынын ескертеді. Сондай-ақ, оларды қолдану тек қауіпсіздігі қамтамасыз етілген арнайы алаңдарда ғана рұқсат етіледі. Өзге орындарда, әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында, көшелерде және қоғамдық демалыс орындарында қолдануға қатаң тыйым салынады.
Тұрғындардың тыныштығын сақтау, қауіпсіз ортаны қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті нығайту – Полиция департаментінің басты міндеттерінің бірі болып қала береді. Құзырлы орган қала тұрғындарын заң талаптарын сақтауға, тәртіпке түсіністікпен қарауға және ортақ қауіпсіздікке үлес қосуға шақырады. Бұл талаптарды орындау – әрбір азаматтың парызы, ал ортақ тәртіпті сақтау – бейбіт өмір мен қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі.




