Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

СУ РЕСУРСТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ СУ НЫСАНДАРЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану, су нысандарының техникалық жағдайын жақсарту және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңір үшін аса маңызды саналатын ағын су жүйелерінің тозуы, су жоғалту көлемінің артуы және егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етудегі қиындықтар облыс деңгейінде күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып отыр.

Бүгінде Түркістан облысы аумағында егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4180 су каналы бар. Алайда жүргізілген талдау нәтижелері бойынша бұл каналдардың 76 пайызы әртүрлі деңгейде жөндеуді қажет етеді. Су арналарының тозуы судың фильтрация арқылы ысырап болуына, су жеткізу көлемінің азаюына және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуде.

Аталған мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Түркістан облысының әкімімен су нысандарын салу, жөндеу және реттеу бойынша кешенді жоспар қабылданды. Бұл жоспар су ресурстарын қорғау, су инфрақұрылымын жаңғырту және ауыл шаруашылығы алқаптарының тұрақты сумен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоспар аясында Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен облыс аумағында 302 су нысанын жөндеу көзделіп отыр. Аталған жұмыстар толық жүзеге асырылған жағдайда, су арналарының тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендеп, су жоғалту көрсеткіші айтарлықтай азаяды. Бұл өз кезегінде су ресурстарын тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан және қала әкімдерінің орынбасарларымен бірлесіп арнайы жиында зерделеді. Жиында әрбір өңірдегі су нысандарының нақты жағдайы, олардың техникалық жай-күйі мен өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

– Барлық деңгейдегі су арналарының жағдайын нақты баяндаңыздар. Шаруа үшін әрбір арықтың жағдайы маңызды екенін естен шығармауымыз керек. Өз күшімізбен реттеуге болатын мәселелерді бүгіннен бастап қолға алу қажет. Ал күрделі қаржы талап ететін арналар суармалы жер көлеміне қарай кезең-кезеңімен жөнделетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.

Жиын барысында Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Акмуратов аудан аумағындағы «Құртай» каналының қазіргі жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, арна жер арық күйінде болғандықтан, фильтрация арқылы су көп жоғалтады. Сонымен қатар, каналдың тереңдеп, кеңейіп кетуі салдарынан су жеткізу барысында қиындықтар туындауда. Арна жыл сайын қамыспен бітеліп, тұрақты механикалық тазалауды қажет етеді. Аталған каналға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленген. Тиісті жұмыстар атқарылған жағдайда, 1000 гектардан астам егістік жердің су қамтамасыз ету жағдайы жақсарады.

Келес ауданында орналасқан «Оймауыт» су торабының да жағдайы өзекті мәселелердің қатарында. Су торабының техникалық тозуы су реттеу мүмкіндігін шектеп, төменгі аумақта орналасқан егістік алқаптарға су жеткізуде қиындық туғызуда.

Бәйдібек ауданында «Комсомол» каналын толық қуатта пайдалану үшін оның 16,3 шақырымын жөндеу қажеттілігі айтылды. Ішкі лоток жүйелерінің тозығы жеткендіктен, су жоғалту көлемі жоғары болып отыр. Бұл жағдай су ресурстарын тиімсіз пайдалануға әкеліп, экологиялық және экономикалық шығындарға себеп болуда.

Шардара ауданына қарасты Жаушықұм массивінде 12 192 гектар егістікке су жеткізетін құбыр мен сорғы станциясының жағдайы да күн тәртібінде қаралды. Сорғы станцияларының тозуы мен құбыр желілеріндегі ақаулар су беру тұрақтылығына кері әсерін тигізіп отыр.

Сарыағаш ауданында «Р-4-2», «Шаншар құлақ», «Құлтума», «Кескен», «Сарыүйсін», «57-тармақ», «Қаратас», «Рамадан», «Шошым», «Р-15» каналдарының жөндеуді қажет ететіні айтылды. Бұл каналдар арқылы мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы алқаптары суарылады. Сондықтан олардың уақытылы жөнделуі су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдаланудың маңызды тетігі болып саналады.

Кентау қаласы аумағындағы «Ырмақ-Өзен» су қоймасы екі жыл бұрын «Тұран су» мекемесі тарапынан ағымдағы жөндеуден өткен. Алайда мамандардың айтуынша, мәселені түбегейлі шешу үшін күрделі жөндеу қажет. Ырмақ өзенінен су қоймасына дейін құбыр тарту, сондай-ақ «Таздар» арығын бетондау қажеттілігі де көтерілді. Бұл жұмыстар су шығынын азайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауапты салалық басқармаларға нақты тапсырмалар берді. Әрбір нысан бойынша жауапты тұлғалар бекітіліп, орындалу мерзімдері нақтыланды. Су ресурстарын қорғау және су нысандарын жаңғырту жұмыстары қатаң бақылауға алынды.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында су ресурстарын қорғауға бағытталған бұл жұмыстар өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және қоршаған ортаны сақтауға зор ықпал етпек. Су нысандарын тиімді басқару – табиғи ресурстарды сақтаудың және болашақ ұрпаққа экологиялық таза орта қалдырудың маңызды шарты болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар