Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕ АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ГИДРОБЕКЕТТЕР ОРНАТУ, МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ КАНАЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ ЖӘНЕ СУ ҮНЕМДЕУ БОЙЫНША ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ: ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС ТОПТАРЫНЫҢ ОТЫРЫСТАРЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастары саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды халықаралық іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, су қатынастарының барлық бағыты бойынша ұсыныстар әзірлеуге арналған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы және Орталық Азия өңірінде өзара тиімді әрі орнықты су-энергетикалық ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы ұйымдастырылды.

Аталған отырыстарға Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Сонымен бірге салалық ведомстволардың, уәкілетті мемлекеттік органдардың, су шаруашылығы ұйымдарының өкілдері мен сарапшылар бас қосты.

Кездесулер барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су және су-энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару, тиімді пайдалану және қорғау бағытындағы алдағы бірлескен іс-қимылдарды айқындады.

Отырыстардың күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – «Достық» мемлекетаралық магистральдық каналының техникалық жағдайы болды. Бұл канал Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су нысандарының бірі ретінде екі елдің де ауыл шаруашылығы саласы үшін стратегиялық маңызға ие. Былтыр Қазақстан тарапы каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторлары мен бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары атқарылды.

Биылғы жылы «Достық» каналында механикалық тазалау жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ бас құрылысжайларын жөндеу көзделіп отыр. Бұл шаралар су өткізу қабілетін арттыруға, су шығынын азайтуға және егістік алқаптарға су жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Тараптар су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасу мәселелеріне де ерекше назар аударды. Су тапшылығы жағдайында заманауи су үнемдеу әдістерін қолдану, су ресурстарын тиімді басқару және суды есепке алудың дәлдігін арттыру – екі ел үшін де өзекті міндеттердің бірі екені атап өтілді.

Осы орайда Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекеттер орнату жобасын іске асыруды бастау жоспарланып отырғаны айтылды. Жоба аясында Сырдария өзенінің бойында он автоматтандырылған гидробекет орнатылады. Оның ішінде Қазақстан Республикасы аумағында бес, Өзбекстан Республикасы аумағында бес нысан салу көзделген.

Бұл жоба Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленіп отыр және трансшекаралық суды бөлу процесінің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда GIZ ұйымы аталған жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеу жұмыстарын аяқтаған. Автоматтандырылған гидробекеттерді енгізу арқылы су көлемін нақты есепке алу, деректердің ашықтығын қамтамасыз ету және екі ел арасындағы сенімді нығайту көзделіп отыр.

Отырыстар барысында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

– Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл құжат – көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі. Оның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін қалыптастыру мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие. Аталған құжат Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз, – деді министр.

Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ алаңында Халықаралық су ұйымын құру және Орталық Азия елдерінің су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу туралы бастамаларына тоқталды. Министр бұл бастамалардың өңірлік су ынтымақтастығын ұзақ мерзімді перспективада дамыту үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кеңейтілген отырыстарда көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты шешімін тауып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған ірі аграрлық өңір. Облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 575 мың гектарды құрайды, бұл республикадағы барлық суармалы жерлердің шамамен төрттен бір бөлігіне тең. Осыған байланысты суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі өңір үшін айрықша маңызды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су ресурстары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының тұрақты өркендеуіне және халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етеді. «Достық» магистральдық каналы арқылы облыстың оңтүстік аудандарындағы 140 мың гектар егістік алқап сумен қамтамасыз етіледі. Вегетациялық кезеңде су көлемінің тұрақты әрі уақтылы берілуі өңірдің аграрлық саласы үшін шешуші маңызға ие, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Нұралхан Көшеров облыс аумағында агроөнеркәсіптік кешен саласында ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын, егіс алқаптарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты шаралар қабылданып отырғанын атап өтті. Бұл жұмыстар су ресурстарын қорғауға және олардың тиімді пайдаланылуына бағытталған.

Сонымен қатар облыс әкімі Сайрам ауданында қуаты 1000 МВт-ты құрайтын бу-газ қондырғысы негізінде электр станциясының құрылысы жүріп жатқанын айтып, өңірде су-энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынғанын жеткізді.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласында өткен қазақ-өзбек бірлескен жұмыс топтарының отырыстары Орталық Азия өңіріндегі трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару, су үнемдеу және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы маңызды алаңға айналды. Қабылданған ұсыныстар мен келісімдер екі ел арасындағы су қатынастары саласындағы өзара сенімді нығайтып, ұзақ мерзімді әрі орнықты ынтымақтастыққа негіз болмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар