Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ

Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық тәртіп пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында «Таза Қазақстан» бастамасының ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің маңызын ерекше атап өтті.

Президент өз сөзінде тазалықтың тек сыртқы көрініс емес, ол ең алдымен адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы екенін жеткізді. «Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз», – деді Мемлекет басшысы. Бұл тұжырымдар «Таза Қазақстан» бағдарламасының мазмұны мен маңызын айқындайды.

Қазақ халқы ежелден табиғатпен үйлесімде өмір сүріп, жерге, суға, қоршаған ортаға ерекше құрметпен қараған. Тазалықты сақтау, айналаны ұқыпты ұстау – халқымыздың өмір салты мен дүниетанымының ажырамас бөлігі. Бүгінгі күні осы ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, заманауи талаптарға сай дамыту – қоғамның ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» бастамасы дәл осы мақсатқа қызмет етеді.

Бағдарлама аясында елді мекендерді абаттандыру, көшелер мен аулаларды тазалау, жасыл желектерді көбейту, тұрмыстық қалдықтарды реттеу, экологиялық мәдениетті арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар қоршаған ортаның сапасын жақсартумен қатар, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді. Тазалық бар жерде тәртіп қалыптасып, тәртіп бар жерде жауапкершілік пен сенім орнығады.

«Таза Қазақстан» – тек мемлекеттік органдардың жұмысы емес, бұл әрбір азаматтың тікелей қатысуын талап ететін ортақ іс. Әр тұрғын өз ауласын, өз көшесін таза ұстаудан бастаса, бұл бастама бүкіл елді қамтитын үлкен қозғалысқа айналады. Қоғамдық орындарға ұқыппен қарау, қоқысты белгіленген орындарға тастау, табиғатқа зиян келтірмеу – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі.

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – жас ұрпақтың санасына экологиялық мәдениетті сіңіру. Балалар мен жастарды тазалыққа, тәртіпке, жауапкершілікке баулу арқылы болашақта табиғатқа жанашыр, саналы азамат тәрбиелеуге болады. Осы тұрғыда білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық ортада экологиялық тәрбиеге ерекше мән берілуде.

Түркістан өңірінде де «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қалалар мен ауылдарда санитарлық тазалық шаралары күшейтіліп, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қоғам белсенділері мен еріктілердің қатысуымен өткізілетін тазалық акциялары тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға оң әсерін тигізуде.

«Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, бұл ұзақ мерзімді, тұрақты түрде жүзеге асырылатын ұлттық бағдарлама. Оның нәтижесі әрбір азаматтың белсенді ұстанымына, ішкі мәдениетіне және туған жерге деген жанашырлығына байланысты. Тазалықты сақтау – заң талабы ғана емес, елге деген құрметтің, отансүйгіштіктің көрінісі.

Қоршаған ортаны таза ұстау арқылы біз болашақ ұрпаққа қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалдырамыз. Әрбір қазақстандықты «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді қатысып, туған өлкеміздің көркеюіне өз үлесін қосуға шақырамыз. Таза орта – тұрақты даму мен жарқын болашақтың берік негізі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар