Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІН ЖАНАША ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ СМАРТ-ҚҰРЫЛЫСТАР ӨНДІРІЛІП ЖАТЫР

Түркістан облысында энергия тиімділігін қамтамасыз ететін заманауи смарт-құрылыстар өндірісі қарқынды дамып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен іске асырылып жатқан жобалар энергияны үнемдейтін, мобильді әрі көпфункционалды инновациялық шешімдерді кеңінен енгізуге бағытталған.

2025 жылы облыс әкімдігі делегациясы Қытай Халық Республикасына сапар жасап, «Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен танысып, өндіріс технологиялары мен инновациялық шешімдерді Түркістан өңірінде іске асыру мәселесін нақтылаған болатын. Сол келісім нәтижесінде қазіргі таңда Түркістан облысында «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығарыла бастады.

Капсулалы үйлер мен модульдік нысандар энергия тиімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, туристік кешендер, глэмпингтер, модульдік кеңселер, мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары мен қонақүйлерде қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай ғимараттарда заманауи жылу оқшаулау технологиялары, энергия үнемдейтін жабдықтар мен материалдар пайдаланылады, бұл өз кезегінде эксплуатациялық шығындарды азайтады және қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетеді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өндірістің жай-күйімен танысу үшін облыс орталығы маңындағы шағын өндірістік паркке арнайы барып, өндірістік қуат пен технологиялық мүмкіндіктерді бағалады. Өндіріс орталығының іске қосылуы өңірде заманауи технологияларды қолдана отырып, энергия тиімділігі жоғары өнімдер шығару бағытында маңызды қадам болып отыр.

«BNK Group» компаниясы Қытайдың «Shandong Camova Wisdom Culture Travel» компаниясымен бірлесіп, капсулалы экоқонақүйлер мен модульдік нысандарды өндіруді қолға алды. Жоба заманауи жобалау мен өндіріс технологияларын пайдалана отырып жүзеге асырылуда. Кәсіпорын жылына 200 данаға дейін дайын өнім шығаруға қабілетті, бұл өңірде туризмді дамыту, қалалық инфрақұрылымды жақсарту және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өндірістік базада сэндвич-панельдер шығарыла бастады. Жоғары технологиялық желі тәулігіне 1 000 шаршы метрге дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Өндірілген панельдер жылу оқшаулау, энергия тиімділігі, беріктік, ұзақ мерзімділік және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келеді. Бұл құрылыс жобаларын сапалы, жылдам әрі экономикалық тиімді материалдармен қамтамасыз етуге жол ашады.

Энергия тиімділігі жоғары өнім шығару арқылы жаңа өндіріс түрлерін енгізу өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде. Аталған өндірістер 30 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етіп, жергілікті өнеркәсіптің дамуына, импортты алмастыруға және жоғары технологиялық өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Түркістан маңындағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жалпы 100 гектар аумақты қамтып, 152 ғимарат салу және 6 040 жұмыс орнын құруды жоспарлаған. Жоба аясында энергия тиімділігі мен заманауи технологияларды қолданатын өндірістерге ерекше көңіл бөлінуде. І кезеңде 40 ғимарат салынып, 32 жоба іске қосылып, 1 220 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жобаның нәтижесінде бюджеттің әрбір 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылды.

Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылып, құрылыс материалдары, жиһаз, пластик, резеңке, химия өнімдері және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өндіріс салаларында энергия тиімділігі мен инновациялық технологияларды енгізу өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және тұрғындарға сапалы өнім жеткізуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі атап өткендей, энергия тиімділігіне бағытталған өндірістік жобалар тек экономикалық өсімге ғана емес, сонымен бірге экологиялық тұрғыдан жауапты, тұрақты даму қағидаттарын енгізуге де үлес қосады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар