Түркістан облысында халықты табиғи газбен қамту мәселесі өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Мемлекет басшысының энергия тиімділігін арттыру, жасыл экономика қағидаттарын енгізу және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тапсырмалары аясында облыс аумағында газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Газдандыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өндірістік әлеуетті арттыруға, экологиялық ахуалды оңалтуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды бағыт. Табиғи газды кеңінен пайдалану арқылы көмір мен қатты отынға тәуелділікті азайту, ауаға таралатын зиянды заттардың көлемін төмендету және энергия ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндігі артып отыр.
Энергия тиімділігі – қазіргі заманғы экономиканың басты талаптарының бірі. Осы тұрғыда табиғи газ экологиялық таза әрі тиімді энергия көзі ретінде ерекше маңызға ие. Түркістан облысында газдандыру жобалары жылу энергиясын үнемдеуге, тұрмыстық шығындарды азайтуға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Газдандырылған елді мекендерде тұрғындар көмір, отын, сұйытылған газ сатып алуға кететін шығындардан арылып, қауіпсіз әрі қолайлы отын түрін пайдалану мүмкіндігіне ие болуда. Сонымен қатар табиғи газды пайдалану еңбек өнімділігін арттырып, уақытты үнемдеуге де септігін тигізеді.
2025 жылы Түркістан облысында газдандыру аясында жалпы саны 87 нысанның құрылысы қолға алынды. Оның ішінде 45 жоба толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Қалған 42 жобаны ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған.
Жыл қорытындысы бойынша 70 мыңға жуық халқы бар 41 елді мекен табиғи газбен қамтылды. Нәтижесінде облыста газдандырылған елді мекендер саны 606-ға жетіп, жалпы газдандыру деңгейі 75,1 пайызды құрады. Табиғи газбен қамтылған халық саны 1,9 миллион адамға жетіп, қамту деңгейі 88,9 пайызға дейін өсті.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысында газдандыру жұмыстарының жоспарлы әрі нәтижелі жүргізіліп жатқанын айғақтайды.
Газдандыру жобалары тек ірі елді мекендермен шектелмей, шалғай ауылдарға дейін кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұл өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздікті азайтып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Ауылдық жерлерде газдың қолжетімді болуы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсіпкерліктің дамуына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне де оң әсер етеді.
Созақ ауданында автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы толық аяқталып, жүйеге қосылды. Аталған станция магистральді газ құбырын өшірмей-ақ, кез келген уақытта газ алуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қыс мезгілінде тұрғындарды үздіксіз газбен қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.
Сонымен қатар «Еврохим» магистральді газ құбырында жоспарлы тазалау жұмыстары жүргізіліп, құбыр бойындағы крандар тексерілді және қысымдаудан өткізілді. Бұл жұмыстар газ жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға және апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп газ құбырларын қосу мәселесі бойынша арнайы жол картасы бекітілді. Бұл өңіраралық байланысты күшейтіп, газ тасымалдау әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сайрам ауданындағы Құтарыс және Қызылжар елді мекендерінде газға қосу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, елді мекендер табиғи газға қосылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрмыстық қолайлылықты арттырып қана қоймай, экологиялық жағдайдың жақсаруына да ықпал етті.
Көмір мен қатты отынды пайдаланудан бас тарту арқылы ауаның ластану деңгейі төмендеп, тұрғындардың денсаулығына оң әсерін тигізуде.
Газдандыру жобалары жасыл экономика қағидаттарын іске асырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Табиғи газды пайдалану қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың көлемін азайтып, көмірқышқыл газының шығарылуын төмендетеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының негізгі мақсаттарымен үндес. Таза ауа, қауіпсіз экологиялық орта және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану – өңірдің тұрақты дамуының басты кепілі.
Алдағы кезеңде Түркістан облысында газдандыру деңгейін арттыру, жаңа елді мекендерді табиғи газбен қамту, газ инфрақұрылымының сенімділігі мен қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жалғасын табады. Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар аясында нақты шаралар қабылданып, тиісті қаржыландыру көзделуде.
Газдандыру – бұл тек инженерлік инфрақұрылым ғана емес, ол өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын маңызды фактор. Түркістан облысында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар соның айқын дәлелі.




