Четверг, 1 октября, 2026
16.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ РЕСУРСТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҮНЕМДЕУ БАҒЫТЫНДА КЕШЕНДІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде су ресурстарын ұтымды пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне бейімделу бағытында кешенді саясат жүзеге асырылуда. Осы орайда Түркістан облысында ағын сумен қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері өңірлік дамудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.

Аталған бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жан-жақты қаралды. Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі өз сөзінде вегетациялық маусым басталғанға дейін су қоймаларына қажетті су көлемін толық жинау, арық-атыздар мен каналдарды тазалау, дренаж жүйелерін жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар бекітілген егіс құрылымына сәйкес шаруалармен ағын су бөлу жөнінде келісімшарттар жасасуды және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, Түркістан облысында суармалы жердің жалпы көлемі 575 мың гектарды құрайды. 2025 жылға облысқа 4,6 млн м³ ағын су лимиті бекітілгенімен, су көлемінің аз келу болжамына байланысты бұл көрсеткіш 3,8 млн м³ болып қайта қаралған. Өткен жылы нақты алынған су көлемі 3,5 млн м³ болып, бекітілген лимиттің 76 пайызы ғана орындалған.

Өңірдегі су тапшылығы мәселесінің өзектілігі трансшекаралық өзендерге тәуелділікпен де тығыз байланысты. Облыстың жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші мемлекеттердің аумағынан келетін өзендерге тиесілі. Жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі салдарынан трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі жыл сайын азайып келеді. Мәселен, өткен жылы бекітілген 3,2 млрд м³ лимиттің тек 2,8 млрд м³, яғни 88 пайызы ғана нақты босатылған.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 42 су қоймасы жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда су қоймаларындағы су көлемі 4,0 млрд м³ немесе 47 пайыз деңгейінде. Атап айтқанда, Шардара су қоймасына – 3,3 млрд м³, Көксарай су реттегішіне – 567 млн м³, Бөген су қоймасына – 169 млн м³ су жиналған.

Су тапшылығының алдын алу және су ресурстарын тұрақты басқару мақсатында облыста жаңа су қоймаларын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бәйдібек ауданында салынып жатқан «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы 75 пайызға аяқталып, нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жоба іске асқан жағдайда келесі вегетациялық маусымда 9,7 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі.

Сонымен қатар Төлеби ауданында «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы биыл толық аяқталып, 350 гектар жер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Ал алдағы жылдары Ордабасы және Сауран аудандарында «Боралдай» және «Иқан су» су қоймаларын салу көзделіп отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда Бөген су қоймасына қосымша 120 млн м³ ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік туады.

Су ресурстарын қорғау және энергия тиімділік саясаты аясында биыл Ислам даму банкінің қаржысы есебінен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталады. Бірінші кезеңде «Қазсушар» кәсіпорны арқылы 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, ал «Тұран су» кәсіпорны арқылы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 296 шақырым канал бетонмен қапталып, 63 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі айтарлықтай жақсарады.

Жасыл экономика қағидаттарына сәйкес су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жоспар бекітілген. Жоспарға сәйкес жыл сайын 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 622,8 млн м³ су үнемдеуге қол жеткізу көзделіп отыр. Биыл Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарында 24 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда. Қазіргі таңда 10,6 мың гектар алқап бойынша тауар өндірушілерден нақты ұсыныстар түскен.

Бұл бастамалар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, ауыл шаруашылығындағы энергия тиімділігін арттыру және экологиялық қауіпсіз өндірісті дамыту бағыттарымен толық үндеседі. Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және климаттық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарымен де тығыз байланысты. Су көздерін сақтау, каналдар мен су айдындарын тазалау, инфрақұрылымды жаңғырту арқылы өңірде экологиялық мәдениет қалыптасып, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаты нығаюда. Бұл өз кезегінде экологиялық туризмді дамытуға да қолайлы жағдай жасайды.

Су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Сондықтан Түркістан облысында су ресурстарын басқару мәселесі тек экономикалық емес, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да маңызды бағыт ретінде қарастырылып отыр. Жасыл экономика қағидаттарына негізделген бұл жүйелі шаралар өңірдің тұрақты дамуына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және болашақ ұрпақ үшін табиғи байлықты сақтауға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар