Четверг, 1 октября, 2026
17.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың ауқымы кеңейтілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі түрде жалғасуда. Аталған бағдарлама өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге, қоғамдық мәдениетті арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Биыл бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстардың ауқымын кеңейту, іс-шараларды жүйелеу және олардың тиімділігін арттыру көзделіп отыр.

Бағдарлама тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысында тазалық пен тәртіпті сақтау мәселелері маусымдық емес, жыл бойы үздіксіз жүзеге асырылатын жұмыстар қатарына енгізілмек. Осы бағытта 2026 жылға арналған кешенді жоспар әзірленуде. Жоспарға облыс көлемінде күнделікті атқарылатын тазалық іс-шаралары, аумақтарды абаттандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, жол бойындағы және елді мекен ішіндегі санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жөніндегі нақты шаралар енгізіледі.

Қысқы кезеңде өңірде жол қауіпсіздігі мен тазалықты қамтамасыз ету «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы маңызды басымдықтардың бірі болып отыр. Атап айтқанда, облыс аумағындағы автомобиль жолдарын қалыпты жағдайда ұстау, қарды уақытылы тазалау, көктайғақтың алдын алу, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Осы мақсатта мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, арнайы техникалармен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Сонымен қатар тазалық жұмыстарын жүргізуге қажетті қызмет түрлері коммуналдық кәсіпорындардың жарғыларына енгізіліп, олардың функционалдық мүмкіндіктері кеңейтілді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қыс мезгілінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аталған бағыттағы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады.

Баяндамашының мәліметінше, қысқы маусымда жол қауіпсіздігі мен тазалықты қамтамасыз ету мақсатында облыс көлемінде бірқатар маңызды ұйымдастырушылық және техникалық шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар қажетті арнайы техникалармен қамтылып, қысқы кезеңге дайындық жұмыстары толық көлемде жүргізілген.

2025–2026 жылғы қысқы мерзімде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін уақытылы қардан тазалау үшін жалпы саны 330 арнайы техника мен 1155 жұмысшы жұмылдырылатын болады. Бұл техникалар қар тазалау, жолдарды кеңейту, инертті материалдар себу және жол жиегіндегі қар үйінділерін шығару жұмыстарын атқарады.

Көктайғақтың алдын алу мақсатында қажетті инертті материалдар қоры алдын ала дайындалды. Атап айтқанда, облыс бойынша 10 151 текше метр құм және 2278 тонна тұз жинақталды. Бұл материалдар ауа райының қолайсыз жағдайында жолдарға жедел себіліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Арнайы техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жанар-жағармай қорын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінді. Осы бағытта жанар-жағармай бекеттерімен келісімшарттар жасалып, жалпы көлемі 178,6 тонна дизель отыны және 44,1 тонна бензин отынын сатып алу көзделді.

Сонымен қатар ауа райының күрт бұзылуы салдарынан жолда қалып қойған жолаушыларға жедел көмек көрсету мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналастырылған. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел мен Одаманбұлақ асуларында, сондай-ақ Созақ ауданындағы Ащысай және Таскөмірсай аумақтарында жылыту бекеттері жұмыс істейді.

Аталған жылыту бекеттері 70 тонна көмір отынымен толық қамтамасыз етілген және бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Жолаушылар төсек-орынмен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етіледі. Бұл шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.

Қардың қалың жаууы мен ауа райының күрт өзгеруіне байланысты автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін тиісті мемлекеттік органдар арасында іс-қимыл жоспары бекітілді. Авариялық-құтқару қызметтері, жол қызметтері және жергілікті атқарушы органдар арасында өзара іс-әрекет тетіктері нақты айқындалған.

Жиын барысында Түркістан облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025–2026 оқу жылында облыс аумағында 16 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған.

Қазіргі таңда олардың 13-і қабылдау актісін алып, пайдалануға берілді. Қалған 3 мектептің қабылдау актілері дайындалып, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Бұл білім беру инфрақұрылымын дамытуға және оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшыларына, сондай-ақ аудан және қала әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу, тазалық пен тәртіпті тұрақты бақылауда ұстау және қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, тазалықты сақтауға деген жауапкершілікті күшейтуге және өңірді көркейтуге бағытталған маңызды бастама болып қала береді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар