Шымкентте тұрғындарға арналған «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті
Kemelnews.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент қаласында тұрғындарға құқықтық көмек көрсету мақсатында дәстүрлі «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Іс-шара барысында қала тұрғындарына адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылар және мемлекеттік мекемелердің өкілдері тегін кеңес берді.
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек
Шымкент қаласы адвокаттар алқасының жеке дара адвокаты Абдығани Ибатов акцияның негізгі мақсатын түсіндірді.
«Бүгінгі акцияның басты мақсаты – қала тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсету. Азаматтар түрлі мәселелермен келіп жатыр: алимент өндіру, алаяқтық фактілері, жер қатынастарына байланысты сұрақтар және өзге де даулар бар. Барлығы осы жерден өз сұрақтарына нақты әрі кәсіби жауап алып жатыр», – деді ол.
Адвокаттың айтуынша, «Халық заңгері» акциясы ай сайын өткізіліп тұрады. Егер белгілі бір мәселе бірден шешімін таппаса, тұрғындар келесі айда қайта келіп, қайтадан кеңес алу мүмкіндігіне ие болады.
«Бастысы – азаматтарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, олардың мәселесін заң аясында шешуге көмектесу», – деді Абдығани Ибатов.
Азаматтардың пікірі
Акцияға қатысқан қала тұрғыны Ирина Раченкова осындай іс-шаралардың қоғам үшін маңызды екенін атап өтті.
«Маған заңгерлер өте көп көмектесті. Барлық сұрағыма толық жауап берді, әсіресе пәтер мәселесі бойынша кеңес алдым. Бұл сұрақ көптен бері шешілмей жүрген еді. Мұндағы мамандар мәселені кезең-кезеңімен қалай шешу керегін түсіндіріп берді. Кеңестері пайдалы болды», – деді ол.
Құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған бастама
«Халық заңгері» акциясы еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халыққа тегін заң көмегін қолжетімді етуге бағытталған.
Шымкентте өткен іс-шара барысында көптеген тұрғындар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша кәсіби заңгерлерден кеңес алып, нақты шешім табуға мүмкіндік алды.




