Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында елдің транзиттік әлеуетін арттыру және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударды.
Мемлекет басшысы әлемдік көлік және логистика нарығында бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда жаңа бағыттар мен арзан балама жолдар ұсынылуда. Осы орайда Президент:
«Қазақстан бұл жағдайда алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуы қажет. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді», – деді.
Жолдауда транзиттік инфрақұрылымды жаңғырту, көлік дәліздерін әртараптандыру және халықаралық серіктестікті кеңейту арқылы Қазақстанның жаһандық логистикалық жүйедегі орнын нығайту қажеттігі айтылды. Бұл шаралар елдің экономикалық тұрақтылығын арттыруға және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Қуат көздерін жаңғырту тақырыбы да Жолдауда кеңінен қамтылды. Президенттің айтуынша, елімізде шетелдік инвесторлардың қатысуымен бірқатар ірі энергетикалық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын “жасыл” энергия нысандарын іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар экологиялық таза технологияларды енгізіп, елдің энергетикалық тәуелсіздігін және қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етпек.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңартылатын энергия көздерін дамыту – Климаттық тұрақтылық пен «жасыл экономикаға» көшу стратегиясының маңызды бөлігі.
Сарапшылардың пікірінше, транзиттік инфрақұрылым мен “жасыл” энергетика бағыттарын қатар дамыту Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды көлік және энергетикалық хабқа айналдырады. Бұл бастамалар орнықты экономикалық даму мен халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қызмет етеді.
Жолдауда белгіленген міндеттер елдің ұзақ мерзімді стратегиялық бағытын айқындап, Қазақстанның жаһандық экономикадағы орнын нығайтуға және болашақ ұрпақ үшін тұрақты әрі қауіпсіз даму кепілін қамтамасыз етуге бағытталған.




