Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Жетісай ауданында «Мөлдір бұлақ» акциясы және «Өзіңнен баста» экологиялық челленджі ұйымдастырылды.
Іс-шара Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес ауданға қарасты қала, кент және барлық ауылдық округтерде өткізілді.
Акция барысында Қызылқұм, Ж. Ералиев, Абай және Ш. Ділдәбеков ауылдық округтерінің аумағынан өтетін Шардара су қоймасының жағалауында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған мыңнан астам тұрғын мен 13 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 15 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.
Тазалық жұмыстарына аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме қызметкерлері және жергілікті тұрғындар белсенді қатысып, өздеріне бекітілген аумақтарда санитарлық тазалау жұмыстарын атқарды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық шаралар қоғам назарын қоршаған ортаның тазалығын сақтауға аударып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, аудан аумағында күнделікті ұйымдастырылатын сенбіліктер аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізуде. Аудан тұрғындары да өз үйлерінің маңын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, ортақ іске үлес қосуда. Сенбілік барысында саябақтар, көшелер, арық-атыздар мен ирригациялық жүйелер де тазартылуда.
Айта кетейік, аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары жыл бойы үздіксіз жалғасады. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелермен қатар ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар да тартылып, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.




