Қазақ халқы қашанда үлкенге құрмет көрсетіп, қариясын қазынасына балаған. Ұлттың рухани тұтастығы мен қоғамдық тұрақтылығының негізінде аға буынға деген сыйластық пен қамқорлық мәдениеті жатыр. Бүгінде бұл дәстүр тек отбасы деңгейінде ғана емес, мемлекеттік саясат пен қоғамдық институттардың қызметінде де өз жалғасын тауып келеді. Өйткені елдің дамуына еңбек сіңірген ардагерлердің өмір сапасын жақсарту, олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – қоғамның өркениеттілігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.
Қазақстанда егде жастағы азаматтарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Мемлекет тарапынан зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар іске асырылса, қоғамдық ұйымдар мен саяси институттар бұл бағыттағы жұмыстарды толықтырып келеді. Әсіресе азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған партиялық жобалар аға буын өкілдерінің қоғам өміріне белсенді араласуына және олардың өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал етуде.
Түркістан облысында ардагерлерді қолдау мәселесі тұрақты бақылауда тұр. Өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бастамалар мен қоғамдық жобалар егде жастағы азаматтардың қажеттіліктерін ескеруге және олардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Бұл жұмыстар азаматтық қоғамның дамуына, ұрпақтар сабақтастығының нығаюына және әлеуметтік жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына оң әсер етуде.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі – «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы аясында қолға алынған бастамалар. Жоспарға сәйкес 2023-2027 жылдар аралығында ардагерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 255 іс-шараны өткізу көзделген. Сонымен қатар бес жыл ішінде жүздеген ардагерге демеушілік көмек көрсету жоспарланған.
Аға буынға қолдау көрсету жұмыстары ең алдымен олардың әлеуметтік жағдайын тұрақты бақылаудан басталды. Түркістан облысында 207 мыңнан астам зейнеткердің тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік мәселелеріне тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар партияның аумақтық филиалдары арқылы жүзеге асырылып, азаматтардың нақты қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік беруде.
Қоғамда ерекше құрметке ие бастамалардың бірі – «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы. Жоба аясында ғасыр жасаған қарияларды құрметтеу дәстүрі қалыптасты. Өмірлік тәжірибесі мол, жүз жастан асқан қарияларды атаулы және мерекелік күндерде арнайы құттықтау олардың қоғамдағы мәртебесін арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге көрсетуге де ықпал етеді.
Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған қарттарға қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмайды. Әлеуметтік қамсыздандыру органдарымен бірлескен жұмыстар арқылы жалғызілікті немесе көмекке мұқтаж қариялардың мәселелері зерделеніп, демеушілік қолдау көрсету шаралары ұйымдастырылуда. Бұл қоғамдағы өзара көмек пен ынтымақтастық қағидаттарының нығаюына ықпал етеді.
Ардагерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтарын қорғау мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық көмек» жобасының маңызы зор. Аталған бастама шеңберінде егде жастағы азаматтарға құжат рәсімдеу, заңдық кеңес беру және құқықтық мәселелерді шешуге жәрдем көрсету жұмыстары жүргізілуде. Бұл олардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қоғамдағы инклюзивті ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да маңызды орын алады. «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, оның ішінде егде жастағы адамдардың қоғамдық орындарға қолжетімділігіне қоғамдық бақылау жүргізілуде. Азаматтық қоғам өкілдері мен депутаттардың қатысуымен жүзеге асырылатын бұл жұмыстар әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын арттыруға ықпал етуде.
Қарттардың денсаулығын сақтау мәселесі де ерекше назарда. Осы мақсатта өңірде «Денсаулық керуені» акциясы тұрақты өткізіліп келеді. Акция барысында медицина қызметкерлері жалғызілікті және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы қариялардың денсаулық жағдайын тексеріп, қажетті кеңестер береді. Мұндай жұмыстар аурулардың алдын алуға және егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында аға буын өкілдерінің белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде өңірде 23 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Оның ішінде үш орталық Түркістан қаласында жұмыс істейді. Бұл орталықтар қариялардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, әлеуметтік орта қалыптастыруға және олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды мекемелерге айналды.
Аталған орталықтарда егде жастағы азаматтарға әлеуметтік, мәдени, психологиялық және сауықтыру қызметтері көрсетіледі. Мұнда дене шынықтыру жаттығулары, емдік гимнастика, йога, би сабақтары, қолөнер үйірмелері, ән-күй бағдарламалары, шахмат секциялары және компьютерлік сауаттылық курстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар кәсіби психологтар мен заңгерлердің кеңестері де қолжетімді.
Мұндай орталықтардың жұмысы қариялардың қоғамнан оқшауланып қалмауына ықпал етеді. Керісінше, оларды қоғамдық өмірге белсенді араластырып, жаңа орта табуға мүмкіндік береді. Әсіресе мәдени және шығармашылық бағыттағы үйірмелер аға буынның өмірге деген қызығушылығын арттырып, олардың психологиялық жағдайына оң әсер етеді.
Белсенді өмір сүру орталықтарындағы тәжірибе көрсеткендей, көптеген қариялар жаңа ортаға бейімделіп, түрлі іс-шараларға қатысу арқылы өз қабілеттерін қайта ашуда. Бұл олардың өз-өзіне деген сенімін нығайтып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстар салауатты қартаю мәдениетін қалыптастырудың тиімді үлгісі болып саналады.
Өңірде жыл сайын шамамен сегіз мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен сауықтыру және демалыс орындарына жіберіледі. Бұл шаралар егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігін сақтауға да ықпал етеді. Ардагерлерді сауықтыру орындарына жолдамамен қамту мәселелері тұрақты түрде қоғамдық кеңестер мен арнайы жұмыс топтарының назарында болады.
Ардагерлердің денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстары мен өтініштері де жүйелі түрде қаралады. Осы мақсатта облыстық деңгейде жұмыс істейтін кеңестерде қарттардың медициналық қызметтердің сапасына қатысты мәселелері талқыланып, тиісті ұсыныстар әзірленеді. Бұл азаматтардың пікірін ескеруге және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында аға буын өкілдерін қолдауға бағытталған жұмыстар жыл сайын кеңейіп келеді. Тек 2025 жылдың өзінде «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 1446 іс-шара өткізіліп, оған сегіз мыңнан астам адам қамтылды. Іс-шаралардың басым бөлігі белсенді өмір сүру орталықтарында және ардагерлерге қызмет көрсететін әлеуметтік мекемелерде ұйымдастырылды.
Бұл жұмыстардың барлығы қоғамдағы әлеуметтік бірлікті нығайтуға, ұрпақтар арасындағы байланысты күшейтуге және қарияларға деген құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен даналығы қоғам үшін әрдайым маңызды құндылық болып қала береді. Сондықтан оларды қолдау мен құрметтеу – тек әлеуметтік міндет қана емес, ұлттық құндылықтарды сақтаудың да маңызды көрінісі.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ардагерлерді қолдау бастамалары азаматтық қоғамның дамуына, әлеуметтік жауапкершіліктің артуына және қоғамдық келісімнің нығаюына ықпал етіп келеді. Егде жастағы азаматтардың белсенді әрі сапалы өмір сүруіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қоғамдағы аға буынның мәртебесін арттыруға қызмет ете бермек.




