Жергілікті басқару жүйесінің тиімділігі мемлекет жүргізіп отырған реформалардың нақты нәтижесін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі саналады. Азаматтардың күнделікті тұрмыс сапасы, әлеуметтік мәселелердің шешілуі, өңірлердің тұрақты дамуы мен халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімі көбіне жергілікті деңгейде қабылданатын шешімдерге байланысты. Сондықтан қазіргі кезеңде кәсіби, жауапты және заман талабына бейімделген басқарушылық кадрларды даярлау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр.
Соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлін күшейтті. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігінің енгізілуі, мәслихаттардың өкілеттіктерінің кеңеюі, төртінші деңгейлі бюджеттің дамуы және азаматтардың шешім қабылдау процестеріне белсенді қатысуына мүмкіндік беретін жаңа механизмдердің қалыптасуы жергілікті басқару жүйесіне тың серпін берді. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметшілер мен сайланбалы орган өкілдерінің кәсіби даярлығына деген талапты да арттыра түсті.
Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «AMANAT» партиясы жаңа модульдік оқу бағдарламасын іске қосты. Партияның Саяси менеджмент академиясы қолға алған бұл бастама кадрлық әлеуетті нығайтуға, мемлекеттік басқару мен қоғамдық-саяси жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба болып табылады. Бағдарлама тек теориялық білім берумен шектелмей, басқарушылық құзыреттерді дамытуға, халықпен тиімді коммуникация орнатуға, өңірлік мәселелерді жүйелі талдауға және нақты нәтижеге бағытталған шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыруға басымдық береді.
Жаңа оқу бағдарламасының таныстырылымы Түркістан облысында өтті. Семинардың екінші күні қатысушыларға бағдарламаның негізгі бағыттары мен күтілетін нәтижелері жан-жақты түсіндірілді. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысты.
Жергілікті атқарушы және өкілді органдар басшыларының, сондай-ақ партиялық кадрлардың функционалдық құзыреттерін дамытуға арналған жаңа модульдік бағдарлама Мемлекет басшысының саяси жүйені жаңғырту және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары негізінде әзірленген. Бағдарламаның басты мақсаты – заңнамалық өзгерістерді терең меңгерген, қоғаммен тиімді жұмыс жүргізе алатын және өңірлік дамудың өзекті мәселелерін шешуге қабілетті басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыру.
Облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев оқу бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, жергілікті деңгейдегі басқару сапасы кәсіби мамандардың даярлығымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, семинарға облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен партия қызметкерлері санатынан 160-қа жуық тыңдаушы қатысуда.
Бүгінде ауыл әкімдері мен мәслихат депутаттары тұрғындармен күнделікті тікелей жұмыс істейтін негізгі өкілдер болып саналады. Халықтың талап-тілегі, әлеуметтік мәселелер мен жергілікті деңгейдегі түйткілдердің басым бөлігі алдымен осы азаматтарға жеткізіледі. Сондықтан олардың кәсіби даярлығы мен қабылдайтын шешімдерінің сапасы қоғамдағы сенім деңгейіне де ықпал етеді.
Бағдарлама аясында жергілікті басқару жүйесінің өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Соның ішінде төртінші деңгейлі бюджетті қалыптастыру, бюджет қаражатын тиімді жоспарлау, жергілікті салық базасын кеңейту, өңірлік даму көрсеткіштерін жақсарту және азаматтармен кері байланысты күшейту мәселелері жан-жақты қарастырылып жатыр.
Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова бағдарламаның мазмұны еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістер мен жаңа заңнамалық талаптарға бейімделіп әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда жаңа Салық кодексі мен Бюджет кодексі қабылданып, өңірлерді дамытуға қатысты жаңа тұжырымдамалар енгізілуде. Мұндай жағдайда жергілікті басқару жүйесінде қызмет ететін азаматтардың заңнамалық өзгерістерді терең меңгеруі аса маңызды.
Бағдарламада тек құқықтық және экономикалық мәселелер ғана емес, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, басқарушылық мәдениетті жетілдіру және қоғаммен тиімді коммуникация орнату бағыттары да қамтылған. Себебі қазіргі заманғы басшы тек заңды білетін маман ғана емес, тұрғындармен ашық диалог жүргізе алатын, қоғамдық пікірді ескеретін және стратегиялық тұрғыдан ойлайтын тұлға болуы тиіс.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек те өңірлердің тұрақты дамуы кәсіби кадрлардың сапасына байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда ауылдық аумақтарды дамыту, өңірлік стандарттар жүйесін енгізу және жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін жергілікті басқару жүйесінде еңбек ететін мамандардың құзыреттерін арттыру қажет.
Оқу бағдарламасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның тәжірибелік бағытта ұйымдастырылуы. Тыңдаушылар нақты жағдайларды талдау арқылы басқарушылық шешім қабылдау дағдыларын меңгеріп, күнделікті қызмет барысында кездесетін мәселелердің шешу жолдарын қарастырады. Бұл тәжірибелік тәсіл білімнің тиімділігін арттырып, өңірлік басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Семинар барысында қатысушылар бес топқа бөлініп білім алуда. Бірінші топқа аудандық мәслихат депутаттары енгізілсе, екінші топта облыстық және қалалық мәслихат депутаттары білім алуда. Үшінші топ ауыл әкімдерінен құралған. Төртінші топқа партияның аумақтық және аудандық филиалдарының қызметкерлері енгізілсе, бесінші топта бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері оқытылуда.
Бағдарламаның оқу модульдері қазіргі басқару жүйесінің негізгі бағыттарын қамтиды. Олар – жеке көшбасшылық қасиеттерді дамыту, өңірлік дамуды басқару, салық саясаты, бюджетаралық қатынастар, қоғаммен тиімді коммуникация және саяси науқандарды ұйымдастыру мәселелері. Әр модуль бойынша қатысушылар білімдерін жетілдіріп, қорытынды тестілеуден өтеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай білім беру жобаларының маңызы тек кадр даярлаумен шектелмейді. Олар азаматтық қоғам институттарының дамуына да оң ықпал етеді. Өйткені кәсіби дайындалған депутаттар мен әкімдер тұрғындардың сұранысын тиімді жеткізіп, қоғамдық мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесіне деген талаптары артып келеді. Қоғам ашықтықты, есептілікті және нақты нәтижені күтеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мен саяси ұйым өкілдерінің кәсіби деңгейін көтеру қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып қала береді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жаңа модульдік оқу бағдарламасы партиялық жүйені дамытуға, жергілікті басқару сапасын арттыруға және азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Мұндай жобалар өңірлік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғам мен билік арасындағы өзара сенім мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға да қызмет етеді.




