Вторник, 6 октября, 2026
15.3 C
Shymkent
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
Жалпыұлттық аза тұту күні

Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТТЕ ӨНДІРІСТІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ

Шымкент – өндірісі қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Өндірістің дамуы қаланың экологиялық ахуалына да ықпал ететіні сөзсіз. Бұрын өнеркәсіп кәсіпорындары қоршаған ортаны қаншалықты ластап жатқанын, ауаға қанша түтін мен газ шығаратынын өз бетінше есептеп, қағаз жүзінде ұсынып келген. Мұндайда нақты жағдайды бақылау мүмкін емес еді. Соның салдарынан шаһардың аспанын түтін мен шаң басып, тұрғындардың жағымсыз иіске қатысты шағымдары жылдар бойы азаймай келген.

Соңғы жылдары бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Шымкенттегі ірі өндіріс нысандарында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі енгізген Автоматтандырылған жүйе мониторингі (АСМ) толық жұмыс істей бастады. Бұл жүйе тәулік бойына зиянды заттардың ауаға таралу мөлшерін өлшеп, деректерді тікелей министрлікке жөнелтетін заманауи бақылау тетігі болып табылады.

АСМ кәсіпорындардың құбырларына орнатылған датчиктер арқылы күкірт диоксиді, азот оксидтері, көміртек оксиді, қатты бөлшектер және өзге де ластаушы заттардың нақты көлемін үздіксіз өлшейді. Сонымен қатар, температура, қысым, газдың жылдамдығы және шығарындылар секілді техникалық параметрлер де тіркеледі. Барлық көрсеткіш ешқандай түзетусіз, адам араласуынсыз ҚР Экология министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Нормадан асып кеткен кез келген жағдай дереу хабарланады.

ҚР Экологиялық кодексінің 184-бабы 2-тармағына сәйкес, I санаттағы өнеркәсіп орындары шығарындылардың негізгі көздеріне АСМ орнатуға міндетті. Шымкентте бұл талапқа төрт кәсіпорын жатады: «Шымкентцемент», «Стандартцемент», «3-Энергоорталық» АҚ және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс». 2025 жылы аталған кәсіпорындардың барлығы АСМ жүйесіне толық қосылып, деректер nbdecology.gov.kz платформасына тұрақты түрде жіберілуде.

Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті «Шымкентцемент» ЖШС базасында баспасөз турын ұйымдастырып, журналистер мен сарапшыларды жүйенің нақты жұмысымен таныстырды. Департамент мамандары АСМ деректерін ешкім өзгерте алмайтынын, бұл экологиялық бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

– Мекемеде жылына 500 және одан да көп тонна шығарынды шығарған жағдайда АСМ орнатылады. Сонымен қатар, электр қуаты 50 мегаватттан жоғары газды қоспа шығаратын кәсіпорындар, отынмен жұмыс істейтін станциялар және жылу қуаты 100 гигакаллорийден жоғары қазандықтар үшін де жүйе міндетті, – дейді Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Құлтілеуов Дүйсен.

АСМ енгізілгеннен кейін Шымкенттегі экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарды. Халық шағымдары азайды, кәсіпорындар нақты уақыттағы деректерге сәйкес жұмыс істеуге мәжбүр болды. PM2.5 және SO₂ сияқты қауіпті бөлшектердің мөлшерін бақылау тұрғындардың денсаулығы үшін аса маңызды. АСМ – жай технология емес, экологиялық бақылаудың жаңа деңгейі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар