Бүгін Шымкент қаласында «Жаратылыстану пәндерін оқытудағы зерттеу әдістері: тәжірибе мен нәтиже» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының ғалымдары, мектеп директорлары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары, жалпы орта білім беру мекемелерінің мұғалімдері қатысты.
Сондай-ақ Астана, Шымкент қалаларынан және Солтүстік Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарынан онлайн және офлайн форматта қосылғандардың жалпы саны 300 адамды қамтыды.
Әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен №144 жалпы орта білім беретін мектеп базасында өткен бұл алқалы жиынның басты мақсаты жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беруде пән мұғалімдерінің бірізділігін қамтамасыз ету, оқыту мен тәрбиеде зерттеу әдістерін тиімді пайдалану арқылы оқушылардың ғылыми сауаттылығын дамыту, саланың өзекті мәселелерін талқылау және үздік педагогикалық тәжірибелерді насихаттауға бағытталды.
Конференцияға жиналғандар жаратылыстану пәндерін оқытудағы жаңа тәсілдер, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім сапасын жақсартуға бағытталған әдістемелік ұсыныстар туралы мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен бірге, жиын барысында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытуда зерттеу әдістерін қолдану тәжірибесі кеңінен талқыланып, мұғалімдердің шығармашылық ізденісі мен креативті идеяларын жүзеге асыру жолдары көрсетілді. Яғни оқыту ісіндегі жаңашыл әдістерді ұсынып, тиімді практикалық жұмыстарын таныстырды.
Конференция қорытындысында білім беру процесіне енгізуге арналған ұсыныстар мен резолюция қабылданып, үздік баяндамалар мен тәжірибелік жұмыстардың нәтижелерінен құралған ғылыми-әдістемелік материалдар жинақталды. Іс-шара педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, білім беру саласында тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
Мұндай ғылыми-тәжірибелік конференциялар педагогтерге өзара тәжірибе алмасып, заманауи білім беру трендтерімен танысуға, жаңа әдістемелік тәсілдерді меңгеруге кең мүмкіндік береді. Жаратылыстану пәндерін оқытуда зерттеу жұмыстарына негізделген сабақ үлгілері оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, олардың ғылыми танымға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай алаңдарда білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби байланыстар нығайып, бірлескен ғылыми жобаларға бастамалар көтеріледі. Алдағы уақытта да осы бағыттағы іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып, білім сапасын арттыруға бағытталған тың идеялар мен тиімді тәжірибелер кеңінен қолданысқа енгізілетін болады. Бұл өз кезегінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын көтеруге және болашақта ғылымға қызығатын жастардың қатарын көбейтуге септігін тигізеді.




